Ыбырай
Алтынсарин
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы

Сөз жоқ, Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ұлы перзенті. Біз осы уақытқа дейін Ыбырай Алтынсариннің ағартушы- ұстаз екенін, алғашқы оқулық жазғанын көбірек дәріптеп, сол жағын баса айтып келе жатырмыз. Негізінде, бұл тұлға жан-жақты, ірі дарын иесі болған. 48  жылдық аз ғана ғұмырында көп іс тындырған адам. Әсіресе, теориялық жағынан болсын, көркемдік- эстетикалық тұрғыдан болсын, тәжірибелік жағынан да көп маңызды шаралар тындырғанын қашанда атап өтуге тиіспіз. Биылғы жылы ұстаздың 180 жылдық мерейлі тойында бүкіл қазақ халқы, қазақ елі оның мейлінше мерейін асырып, аруағын риза қылып, жан- жақты талдау жасап отырғаны өте орынды болар еді. Осыған орай, Республикамыздағы ірі мәдениет ошақтарының бірі С. Бегалин атындағы балалар кітапханасының атқарып жатқан істеріне назар аударғанымыз жөн. Бұл кісілердің күнделікті жасап жатқан жұмыстарының ішінде осы ұлы перзенттерді ұлықтау мәселесі ұмыт қалмайды.

Ыбырай Алтынсаринға қатысты айтылар әңгіме өте көп. Мен өзім жеке тұлға ретінде осы Ыбырай Алтынсаринді жас кезімнен сүйіп оқыған бүлдіршіндердің бірі болыппын. Үшінші сыныпта жүрген кезімде оқыған Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесінен бастап кейінгі кездерде де шығармаларын үзбей оқып келе жатырмын. Есейген шақтарда ол кісінің өмірбаянына үңілуге, тіршілігі жайлы, ұстаздық қызметі жайлы түрлі еңбектерді оқуға құлшынысым артты. Соның нәтижесінде, Ыбырай Алтынсаринға деген махаббатымның нәтижесінде ол кісі туралы роман жаздым. Екі бөлімнен тұратын тұратын романның 1- ші бөлімі жеке кітап болып шыққалы жатыр. Кітапқа қолдаушылық, демеушілік көрсетіп отырған Алматы қалалық әкімдігі, әкім мырзаның өзі. Сондықтан мен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырзаға және оның идеясын қолдаушы қызметкерлеріне алғыс айта отырып, жоғарыдағы кітабымның шығайын деп жатқанын да қаперлеріңізге салғым келеді.                          

Ақыш Нұрдәулет
жазушы, ғалым, философия ғылымдарының докторы